Келестік ұстаз 9 перзентті тәрбиелеп отыр
Келес ауданы халық тығыз орналасқан аймақтардың бірі болғандықтан өңірде көп балалы отбасылар саны жыл сайын артуда. Осындай отбасының отағасы, 9 перзенттің әкесі Муслимов Қалаубек Улыбекович 22 жылдан бері балаларға үздіксіз білім беріп келеді. Игілік елдімекенінде орналасқан N10 “Игілік” жалпы білім беретін мектебінің ұжымы Қалаубек Улыбековичті білікті маман ретінде ғана емес, отбасының тірегі болып отырған көп балалы әке ретінде таниды.
- 6 ұлым мен 3 қызым бар. Ең үлкен ұлым Қарағанды қаласында орналасқан Ішкі Істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында білім алса, ең кішкентайымыздың жасы 1-де. Шымкент қаласында жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша мектеп мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Содан бері ұстаздық жолды жалғастырып келемін. Қазіргі таңда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де қоса атқарып жүрмін. Жалпы мектептерде ер мұғалімдер санын арттыру керек деп ойлаймын. Сондықтан шәкірттеріме де, әсіресе ұл балаларға ұстаздық жолды таңдауға кеңес беремін,-дейді 9 перзенттің әкесі.
Айта кету керек Қалаубек Улыбековичтің жұбайы да білім саласында еңбек етеді. Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін Перизат Ыбракимовна да жолдасына қашан да қолдау білдіріп отырады.
